Қолыңызда ұзақ жазба бар — подкаст, сұхбат, вебинар, баяндама немесе өткен эфир, — ал Reels, Shorts және TikTok үшін қысқа тік роликтер керек. Жақсы әңгімеде бөлек алғанда да мәнін жоғалтпайтын жерлер көп: досыңызға жібергіңіз келетін жауап немесе күтпеген бұрылысы бар оқиға.
Олардан рилсті қолмен, монтаж бағдарламасында, не автоматты түрде жасауға болады. Екінші жолды бәрі біле бермейді: жазбаны сервиске тұтасымен бересіз, ол мұндай жерлерді өзі тауып, субтитрі бар тік клиптер сериясын қайтарады. Екі жолда да нәтиже қандай сәт таңдалғанына байланысты.
Рилске қандай сәт жарайды
Ұзақ жазбадан жасалған рилсті шығарылымды көрмеген адам қарайды. Ол таспаны сырғытып отырып, тез шешеді: тоқтап көру керек пе, әлде әрі қарай өту керек пе. Сондықтан жақсы сәт мына белгілерінен танылады:
- Ой аяқталған. Клипте басы да, соңы да бар: сұрақ пен жауап, дәлел мен қорытынды. «Ең бастысы…» деп үзілген роликтен көрерменге ойдың орнына сұрақ қалады.
- Шығарылымсыз түсінікті. Онда бұрын айтылғанға нұсқайтын сөздер жоқ, мысалы, «жаңа айтқанымдай» немесе кім екені айтылмаған «ол». Сәт алдыңғы минутсыз түсініксіз болса, басын ертерек алу керек немесе басқа сәт іздеген жөн.
- Басы бірден іске көшеді. Алғашқы сөйлем — сұрақ, пікір немесе оқиғаның басы. Сәлемдесу немесе алдыңғы репликаның аяғы көрермен қалу-қалмауын шешетін сол секундтарды босқа жейді. Ілмек деген осы: алғашқы сөйлемнің өзі ролик не туралы екенін аңғартады.
- Көрерменге бір нәрсе қалады. Көріп болған соң ол бірдеңені түсінеді немесе не істейтінін біледі. Не қалатыны жанрға байланысты: ақша туралы шығарылымда бұл қолдануға болатын шешім не сан, өмір туралы әңгімеде — бұрылысы бар оқиға, күлкілі шоуда — аяқталған әзіл. Сыпайы сөз алмасу аяқталса да, рилс болмайды.
Ұзақтықты ой белгілейді: ол қанша созылса, ролик те сонша.
Сәтті қалай тексеруге болады
Алғашқы сөйлемді бөлек тыңдап, өзіңізден сұраңыз: бөгде адамға әңгіменің не туралы болатыны түсінікті ме? Одан кейін соңғы сөйлемді жазбадағы келесі сөйлеммен бірге тыңдаңыз. Келесі сөйлем сол ойды жалғастырса («және…», «өйткені…»), клиптің соңы тым ерте қойылған. Қорытындыдан кейін клипте тағы бір реплика қалса, соңы тым кеш қойылған: артық сөйлем қорытындыны әңгіменің жалғасына айналдырады.
Подкаст, сұхбат не вебинардан рилс
Басты мәні сөзде тұрған жазбалар жақсы қиылады. Мықты сәт әр жанрда өзгеше:
| Жазба | Нені іздеу керек |
|---|---|
| Подкаст | Бұрылысы бар оқиғаны, күтпеген жауапты, пікірталасты, мойындауды |
| Сұхбат | Ұзақ сұрақсыз да түсінікті жауапты немесе жауабымен бірге қысқа сұрақты |
| Вебинар не дәріс | Бір анық идеяны, қатені талдауды, қолдануға болатын кеңесті |
| Баяндама | Баяндаманың қалған бөлігінсіз де түсінікті ойды қорытындысымен бірге |
| Эфир жазбасы | Көрерменнің сұрағына жауапты — дауыстап оқылған сұрағымен бірге |
Жазбадағы сөз қазақша, орысша немесе аралас болуы мүмкін: субтитр сөйленген тілде, аудармасыз қалады. Толығырақ — тілдер туралы бетте.
Жазбаны тік кадрға арнап түсірудің қажеті жоқ: көлденең жазбаны Solitona 9:16 кадрына өзі келтіреді, ал вебинарда слайдты сөйлеушінің үстінде көрінетіндей қалдыра алады.
Қолмен қанша жұмыс кетеді
Ұзақ жазбадан рилсті қолмен былай жасайды:
- Жазбаны басынан аяғына дейін тыңдап, сәтті жерлердің уақытын жазып алу.
- Әр жердің нақты басы мен соңын табу — буын кесіліп қалмасын деп, сөздердің шекарасынан.
- Үзіндіні монтаж бағдарламасында қиып, кадрды 9:16 тік пішінге келтіру: сөйлеуші не слайд кадрда қалатындай етіп.
- Субтитр теріп, оны уақыт бойынша орналастыру.
- Дайын файлды сақтау.
Ең көп уақытты бірінші қадам алады: жазбаны тыңдамай, сәтті жерді табу мүмкін емес. Қалған қадамдарды әр ролик үшін қайтадан жасайсыз: серияда қанша клип болса, сонша рет.
Сервис мұның бәрін бір жүктеуден кейін өзі атқарады: жазбаны толық қарап шығады, сәттерді таңдайды, басы мен соңын сөз бойынша қояды, кадрды 9:16 пішініне келтіріп, субтитр қосады. Әр қадамда не болатыны туралы толығырақ — ЖИ-монтаж туралы мақалада.
YouTube-тағы видеодан сілтеме арқылы шортс
Жазба YouTube-та тұрса, оны өзіңізге жүктеп алудың қажеті жоқ: сілтемені жобаға қойыңыз, Solitona видеоны өзі алады. Мынадай сілтеме жарайды:
- Бір видеоға. Толық youtube.com мекенжайы да, қысқа youtu.be сілтемесі де қабылданады.
- Ашық не сілтеме арқылы қолжетімді видеоға. Екіншісі де жеткілікті, сондықтан жазбаны арнада барлығына ашып қою міндетті емес.
- Эфир жазбасына. YouTube эфир жазбасын жариялағанда, Solitona оны кәдімгі видео сияқты алады.
- Ұзақтығы сай жазбаға. Бәрі файлдағыдай: 3 минуттан бастап тарифіңіздің шегіне дейін, тегін бастауда — 30 минутқа дейін.
Жазба өз компьютеріңізде тұрса, оны MP4 не MOV файлы ретінде жүктеңіз.
Видеоға құқығыңызды жоба құрғанда өзіңіз растайсыз, сондықтан өз жазбаларыңызды немесе авторы қиюға рұқсат берген жазбаларды алыңыз.
Solitona-да бұл қалай көрінеді
Жақсы сәттің әр белгісін сервис былай ескереді:
| Рилс белгісі | Solitona не істейді |
|---|---|
| Ой аяқталған | Әр клиптің қай сөзбен бітетінін сервис бөлек тексереді: клип келесі ой басталғанға дейін бітуге тиіс, мейлі ол үшін оны қысқарту керек болсын |
| Шығарылымсыз түсінікті | Сервис жазбаның қалғанын естімеген адамға да түсінікті, басы өткізіп алған репликаға сүйенбейтін ойларды іздейді |
| Басы бірден іске көшеді | Клип алдыңғы сөйлемнің аяғынсыз, ойдың алғашқы сөздерінен басталады |
| Көрерменге бір нәрсе қалады | Сервис әуелі әңгіменің жанры мен көрерменін анықтайды, содан кейін дәл соларға қызық нәрсені іздейді. Бос сөз алмасу мықты сәт болып саналмайды |
| Ұзақтық ойға қарай | «Сервис өзі таңдайды» режимінде — 20–90 секунд, ал осы шектің ішінде нүктені ой қояды |
Режимді міндетіңізге қарай таңдаңыз. «Сервис өзі таңдайды» режимінде клип санын сервис шешеді. Жариялау жоспарыңыз болса не белгілі бір алаңға лайық ұзақтық керек болса, «Өзім белгілеймін» режимін алыңыз — онда қанша клип керегін және олардың ұзақтығын өзіңіз таңдайсыз.
Дайын клиптер тізім болып тұрады: әрқайсысының атауы, ұзақтығы және жазбаның қай жерінен басталатыны көрінеді. Басы мен соңын өз талғамыңызға қарай жолақтағы тұтқалармен немесе жарты секунд қадамы бар батырмалармен жылжытуға болады. Жүктеп алмас бұрын тағы нені баптауға болатыны және кабинеттегі жол қадам бойынша — толығырақ ЖИ-монтаж туралы мақалада.
Мысал: 20 минуттық сұхбат
Сізде 20 минуттық сұхбат бар делік. Ол тегін бастауға сияды: онда 30 кредит беріледі және 30 минутқа дейінгі жазба қабылданады, ал бұл сұхбатты өңдеу 20 кредит тұрады — әр басталған минутқа бір кредит. «Сервис өзі таңдайды» режимінде оның мықты сәттері келеді, ал олардың санын сервис өзі шешеді. Белгілі бір клип саны керек болса, «Өзім белгілеймін» режимін таңдап, оны өзіңіз көрсетіңіз. Тегін клиптер Solitona белгісімен шығады және видеомен бірге 7 күн сақталады. Ақылы пакеттерде клипке белгі қойылмайды, ал олардың көлемі мен мерзімін тарифтерден қараңыз.
Дайын клиптен Инстаграмға рилс
Клип жариялауға дайын күйде шығады: субтитрі кадрдың өзінде тұрған 1080×1920 тік файл, сондықтан оны қай жерге жүктесеңіз де, субтитр орнында тұрады. Одан Инстаграмда рилс жасау үшін оны қарап шығып, файлды сол күйінде жүктеп, сипаттама жазу ғана қалады. Solitona бір файлды бірден Reels, Shorts және TikTok үшін дайындайды.
Жиі кездесетін қателер
- Таймермен кесу. Алдын ала белгіленген ұзындықтағы үзінді уақыт біткен жерде бітеді: ой не сөздің ортасында үзіледі, не артық сөзбен толады. Таймер тек шек ретінде жарайды.
- Тек есте қалған жерден іздеу. Есте әрдайым сол бір жерлер қалады, ал сәтті жауап жазбаның сіз өткізіп жіберген бөлігінде жатуы мүмкін. Сервис жазбаны басынан соңына дейін талдайды.
- Бөтен видеоны YouTube-тан алу. Материалға құқықты сіз растайсыз, ал роликтің ашық тұруы ондай құқық бермейді. Біреудің жазбасынан клип жасамас бұрын авторынан сұраңыз.